11 желтоқсан 2024 жылы Қосшы қаласы «Жанбота» балабақшасында Мобильді топтың жоспары бойынша кезекті отырысы өтті. Отырысқа Қосшы қаласы мектепке дейінгі білім мекемелерінің жас мамандары, тәрбиешілер қатысты. Тәжірибе алмасуға 15 балабақшадан 25 тәрбиеші қатысты. «Ойын бұрыштарын құру, сюжеттік ойындарды өткізудің әдістемесі» тақырыбында өткен отырыста балабақшаның тәрбие үрдісінде ойын ойнатудың әдістемесі мен ойын алаңдары, бұрыштарды жабдықтау бойынша кеңестер беріліп, тәжірибе түрінде көрсетілді. Сюжеттік-рөлдік ойында баланың тәуелсіз, еркін әрекеті, ойын серіктестерімен қарым-қатынасы көрінеді. Олармен жанашырлық, достық, өзара көмек негізінде қарым-қатынас орнатуды үйренеді, балалар әлеуметтік тәжірибені, адами қатынастар әлемін игереді. Осы негізде «Асхана» , «Дүкен», «Әуежай», «Дәріхана», «Емхана» тақырыптары бойынша сюжеттік ойындар көрсетіліп, ойын атрибуттарымен таныстырды. Банкомат, Касса, QR код сияқты заттармен жұмыс жасауды үйретті. Тәжірибелік алаңда 4 ойын бұрышы мен 1 ойын алаңы жұмыс жасады. Бұрыштарда ойынға қажетті ойыншықтар саны жеткілікті. Әр топта кемінде 2 сюжеттік ойынға арналған бұрыш жұмыс жасап тұр. Сюжеттік-рөлдік ойын – баланы ересек өмірге дайындайтын тәсіл. Балалардың көпшілігі ойын барысында ересектердің еңбегін көрсетеді: балалар тәрбиешіге, дәрігерге, жүргізушіге, ұшқышқа, өрт сөндірушіге еліктейді. Ойын балалардың әртүрлі мамандықтарға деген қызығушылығын нығайтады және тереңдетеді, еңбекке деген құрмет тәрбиеленеді. Сюжеттік-рөлдік ойынды функционалды тұрғыдан баланы әртүрлі әлеуметтік рөлдерде қоғамдық өмірге қатысуға дайындау ретінде қарастыруға болатындықтан мамандықтарға арналған көрнекіліктер жинағы жасалып, қоғамдағы мамандық түрлері бойынша кең мағлұмат беретін қабырға стендтері мен альбомдар көрсетілді. Отырыс барысында тәрбиешілерге белгілі ғалым психолог Д.Б.Эльконин: «Ойын – баланы ешкім, ешқашан үйрете алмайтын нәрсеге үйретеді. Бұл нақты өмірге, кеңістікке, құбылыстарға, адамның іс-әрекетіне бағдар беретін зерттеу тәсілі. Ойын үрдісі кезінде балалар зерттеу, сараптама жасау, оқу арқылы өмірге, әлемді танып-білуге бағалауға үйренеді»- дегендей сюжеттік ойындарды әдістемесіне сай сауатты жүргізу мен ойын атрибуттарына үлкен мән беру ұсынылды.